Тамыздың 6-сы күні кешке Түркияда салонында Қазақстанның, Ресейдің, Литваның және Беларусьтің азаматтары отырған туристер автобусы ірі жол апатына ұшырады.
Төтенше жағдай Анадолы жерінің оңтүстік-батыс қапталындағы Денизли қаласы маңында Астана уақыты бойынша сағат 19:30-да орын алды. Автобус Памуккаледен Анталияға қарай жол жүріп бара жатқан екен. Апат салдарынан 4 адам қаза тауып, 38 адам жарақат алған.
Автобуста болған ресейлік Зинаида Богданова «Россия-24» телеарнасының эфирінде аударылған автобустың құзға түсіп кете жаздағанын айтты. «Біз терезеден құлап түстік, қаза болғандар өте көп», – деді ол. «Жаңбыр жауып өткеннен кейін жол тайғақ болды. Жүргізуші жылдамдықты асырып жіберсе керек, тізгінге ие бола алмады. Автобус тайғанақтай бастады, шофер құзға құламауы үшін оны жолда ұстап тұрмақшы болды. Мұны ол орындай алды. Көлік аударылып кеткенімен, құзға құлаған жоқ», – деді Богданова.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Түркиядағы жол апатына байланысты түсініктеме бере келіп, аударылып қалған автобустың ішінде еліміздің 7 азаматы болғанын мәлімдеді. Қазіргі таңда дипломатиялық ведомство қызметкерлері осындағы 5 отандасымызбен байланысқа шығып үлгерген. Олар жол-көлік оқиғасы кезінде жарақат алып, ауруханаға түскен. Алайда, өмірлеріне қауіп төніп тұрған жоқ. Ал тағы екі азамат іздестіріліп жатыр.
Ведомство баспасөз қызметінің сонымен бірге жол апатына ұшыраған автобуста болған жерлестеріміздің кімдер екендерін де атап көрсетті. Олар Шолпан Тұрғанбекова (22.08.1989), Тоғжан Тұрғанбекова (25.04.1993), Айдын Тілеубаева (14.07.1999), Азамат Тілеубаев (25.05.1992), Гүлнар Тілеубаева (04.01.1966), Зарина Цолоева (05.11.1993), Аида Сарабаева (21.09.1996) есімді азаматтар болып шықты.
Баспасөз өкілдерінің мәліметінше, 19 жастағы Аида Сарабаеваның қаза тапқаны белгілі болды. Ал қалғандары Денизли қаласының түрлі емханаларына жеткізілген.
Жол-көлік апатының себептері анықталып жатыр, автобус жүргізушісі ұсталды. Тергеу жұмыстары жүріп жатыр.
Құрыш НҰРЫМБЕТ.